Осы уақытқа дейін көптеген адамдарда ақыл туралы ойлары мен пікірлері белгілі бір шеңберде етін. Көп адам балаларды ақылды немесе ақылы төмен, дарынды немесе дарынсыз деп бөлген. Мысалы, Қазақстанда дарынды балаларға арналған мектептер бар. Мұндай мектепке түскен бала өзін автоматты түрде дарынды санай бастайды. Ол жерде істейтін кей мұғалімдер де балаларға "сендер дарынды баласыңдар, сондықтан үлкен жетістікке жетесіңдер. Сендер дарынды баласыңдар, сондықтан мұндай іс-əрекет сендерге жараспайды. Сендер дарынды баласыңдар, үш алған сендерге жараспайды" деген сияқты сөздерді өз құлағыммен бірнеше рет естідім. Яғни, əр іс-əрекетінде балаларға олардың дарынды екенін ескертіп отырған. Мүмкін, бұлай істеу жаман емес деп ойларсыздар. Алайда, бұл оймен келіспейтін үлкен ғалым кісілер бар. Сол кісілердің біреусінің зерттеуімен бөлісейін.
АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің профессоры Кэрол Дуэк есімді ханым жоғарыда айтып өткен тақырыпта ондаған жылын сарп етіп, зерттеу жүргізген. Кэролға ол идея қалай келгенін айта кетейін. Кэрол бастауыш сыныпта оқығанда математикадан өте жақсы көрсеткіші болып, мектепішілік жарыста алдына жан салмаған. Əрқашан, өз қатарының алдында болған. Сыныптастары мен ұстаздары Кэролды əрқашан мақтан тұтып жүрген. Бір күні штат ішіндегі мектептер арасында математикадан олимпиада өтетін болады. Əрине, ол жарысқа сол штаттағы мектептердің Кэрол сияқты ақылды оқушылары келетін болады. Содан, сол жарысқа Кэрол қатыспайтын болып шешеді. Не үшін? Себебін Кэрол өзі былай деп айтады "Егер мен сол жарысқа барып, орын ала алмай қалсам, мен мектептегі абыройымнан айырыламын. Мені ешкім мақтамайтын болады". Осылай ойлаған Кэрол өз білімін сынаудың орнына атақ пен абыройының түсіп қалмауын таңдаған.
Өскеннен кейін Кэрол Дуэк балалық шағындағы жағдайлардың себебін тапқысы келеді. Содан, бірнеше жылдан кейін, көптеген зерттеулердің нəтижесінде үлкен жаңалық ашады. Зерттеулерінің нəтижесіне сүйене отырып, бестселлер (көп сатылған) кітап шығарады. Кітабының аты -"Mindset: Psychology of Success". Қазіргі кезде Кэрол ханым Google сияқты үлкен компанияларға дəріс беріп, адамдардың ойын өзгертуіне себепші болып жүр.
Енді, Кэролдың зерттеулерінен мысалдар келтіре кетейік. Кэрол ханымның өз аузынан: "Біз кішкентай балаларды екі топқа бөлдік. Екі топқа да оңай басқатырғыш (ойын) бердік. Яғни, ойынның шарты үлкен суретті жинап шығару. Екі топ басқатырғышты істеп бітіргеннен кейін, бірінші топқа "Сендер ақылды болғаннан кейін басқатырғышты тез, əрі оңай бітірдіңдер. Қандай дарынды едіңдер!" деп мақтадық. Екінші топқа "Сендердің еңбектеріңнің арқасында осындай керемет нəтижеге жеттіңдер. Қатты тырысқандықтарыңның арқасында бұл басқатырғыштың жауабын таптыңдар"- деп айттық. Сонда, бірінші топтың ақылы мен дарындылығын мақтадық. Екінші топтың еңбекқорлығы мен тырысқандығын мақтадық. Бұл бірінші эксперимент етін."
"Екінші эксперимент былай болды. Жаңағы екі топқа барып "Сендерге тағы да басқатырғыш береміз, бірақ бұл жолы алдыңғы жолғы басқатырғыштан анағұрлым қиынырақ. Қаласаңдар, бұрынғы оңай басқатырғышты алыңдар дейді. Сонда, ақылдылығын айтып мақтаған бірінші топ бұрынғы оңай басқатырғышты істей береміз деген. Еңбекқорлығы мен тырысқандығын мақтаған екінші топ қиын басқатырғышты таңдаған. Мұның себебі, бірінші топтың ақылын мақтағандықтан, егер қиын басқатырғыштың жауабын таба алмай қалса, оларды мақтамайды деп ойлаған. Сондықтан, қиындау басқатырғышты шешкілері келмеді. Ал, екінші топ болса, өздерінің еңбектері мен тырысулары арқылы қиын басқатырғышты да шеше алатынына сенген. Шеше алмаса да, олардың ақылын мақтамағандықтан, олар ешнəрсе жоғалтпайтын еді."
Кэрол профессордың тағы бір зерттеуін айта кетейік. Бұл экспериментке университет студенттері қатысқан. Студенттердің маңдайына арнайы құрылғы қойған. Ол құрылғы адамның көзінің қайда қарағанын бақылап отыратын құрылғы болатын. Студенттерге тест берілген. Тестті аяқтағаннан кейін олардың рейтінгі шығарылған. Яғни, кім қай орында тұрғандығы туралы. Сол кезде, студенттердің бір бөлігі өзінің балына қарағаннан кейін, өзінің астында кім бар деп қараған. Ал, студенттердің екінші бір тобы өздерінің балдарын көре салып, өздерінен кімдер жоғары тұрғандарын қараған.
Кэрол Дуэк психология ғылымына жаңа бір түсінік алып келді. Бұл ұғымды басқа да ғалымдар зерттеген. Бірақ, ең танымал болғаны Кэрол профессордың кітабы еді. Кэрол ханым жоғарыда айтылған ұғымға "алғышартты ой немесе алғышартты ми" (mindset) деген атау берді. Ойдың алғышартын екі топқа бөлді : дамушы жəне тұрақты. Дамушы ой əрқашан өзінің қабілеті мен ақылын жетілдіре алатынына сенеді. Тұрақты алғышартты ой адам өзінің қабілетін шектеулі деп біледі немесе өте ақылды жəне дарынды болғандығынан жетістіктерге жетемін деп біледі.
Екі алғышартты ойларға жеке жеке тоқталайық. Дамушы ми немесе дамушы алғышартты ойлы бала беске оқыса, жетістігін тырысуы мен еңбекқорлығынан деп біледі. Егер төмен баға алып қалса, көңілін түсірмей, келесі жолғы емтиханға қалай дұрыс дайындалуды ойлай бастайды. Егер үшке оқитын оқушы болса, өзінің еңбегі мен тырысуы арқылы бағасы мен емтиханнан жақсы баға алатындығына сенеді. Ақылы мен қабілетін шектеулі деп білмейді.
Тұрақты ми немесе тұрақты алғышартты ой басқаша ойлайды. Егер беске оқитын болса, жетістігін өте ақылды болғандығынан деп біледі. Сондықтан, қиын тапсырмаларды орындамайды. Өзінің 'бестік', 'ақылды' деген статусын жоғалтпау үшін қиын тапсырмаларды таңдамайды. Егер үшке немесе екіге оқитын бала болса, өзінің қабілеті мен ақылын шектеулі деп ойлайды. Қанша тырысса да, қанша еңбек етсе де емтиханнан жақсы баға ала алам деп ойламайды. Еңбек пен тырысуды мəнсіз деп біледі.
Екінші эсперименттегі студенттер естеріңізде ме? Не үшін кей студенттер өзінен үстіңгілерге қарады, не үшін кей студенттер өзінен кейінгілерге қарады? Себебі, өзінен кейінгілерге қараған студенттердің ой алғышарты тұрақты етін. Өзі төмен алып, "менен кейін кімдер тұр екен. Мен қанша адамнан жоғары тұрмын" деп ойлаған. Осылай, өзінің жоғалтқан ішкі мақтанышын толтырған. Өзінен жоғары тұрғандарға қараған студенттер "кім менен жоғары тұр екен? Мен қанша адамнан төмен тұрмын? Ең жоғарыдағы студент қанша бал алған екен?" деген ойда болған. Бұл студенттердің ой алғышарты дамушы түрге жататындығын көрсетеді.
Керек десеңіз, осы аталған екі ой алғышартты адамдардың миларын арнайы құрылғымен ренгенге түсірген. Дамушы алғышартты ойы бар адамдардың милары белсенді, қызыл болып тұрған. Ал, тұрақты алғышартты ойлы адамдардың миларының белсенділігі төменірек болған. Оны мына суреттен көре аласыз.


Сіздерге арнап мынандай инфографика дайындап қойдым. Осы суреттен екі алғышартты ойдың айырмашылығын көре аласыздар. Өзіміздің ойымыз бен ниетіміздің өте маңыздылығын Кэрол Дуэк зерттеулері арқылы дəлелдеп берді. Өзімізді ешқашан шектемей, қиындыққа шыдап, жетістікке жететінімізді ұмытпауымыз қажет.
Егер сізге менің жазбам ұнаса, жоғарыдағы "Subscribe" деген түймеге басып жазылыңыздар. Өзімнің қызықты, əрі пайдалы ақпараттарыммен бөлісіп тұрамын.
References
1. https://bhi61nm2cr3mkdgk1dtaov18-wpengine.netdna-ssl.com/wp-content/uploads/2015/09/3.Image_.Moser-Brain.png
2. www.flaticon.com
3. Carol Dweck "Mindset: Psychology of Success"
2. www.flaticon.com
3. Carol Dweck "Mindset: Psychology of Success"