Skip to main content

Жақсы баға алудың жолдары

Мектепте жақсы баға қалай алуға болады? 

Жақсы баға алудың 7 жолы.

        Біріншіден, баға не үшін маңызды деген сұраққа жауап берейік. Баға оқушының сабақтағы көрсеткіші және сабаққа деген мотивациясын артыратын себептің бірі. Бағаны оқыған еңбегіне деген сый деп айтсақ та болады. Бағаның ең керек уақыты университетке тапсырған кез. Топ университеттер оқушының орташа бағасына қарап алады. Мысалы, дүние жүзіндегі керемет университеттер (Гарвард, Оксфорд, Кэмбридж және т.б.) оқушыларды бағасының орташа көрсеткішіне қарап алады. Көбінесе, 5-тен 4.5 орташа көрсеткішпен алып жатады. Орташа көрсеткішті есептеу үшін барлық пәннен алған бағаларды қосып, пән санына бөлеміз.

Қазақ тілі - 5 
Ағылшын тілі - 3
Орыс тілі - 4
Алгебра - 5
Физика - 5
Орташа баға  5+3+4+5+5= 22/5 = 4.4

Яғни, бес пән деп алсақ, орташа көрсеткіш баға 4.4 шығып тұр. Сондықтан, 3 деген бағаны алмауға тырысу керек. Себебі, ол орташа бағаны түсіреді. 
     
Енді, жақсы баға алудың жолдарына тоқталсақ:

1. Уй жұмысы.

Үй жұмысын әрқашан уақытында істеп отыру керек. Кез келген мұғалім оқушының үй жұмысына қарап, баға береді және ол баға оқушының тоқсандық бағасына әсер етеді. Сабақ үстінде өте жақсы жауап беріп, үй жұмысын орындамаса, ондай оқушы бес ала алмайды. Және үй жұмысын жасаған оқушы тақырыпты жақсы түсінеді, әрі тоқсан соңындағы емтиханнан жақсы баға алады. Бірақ, үй жұмысын түсініп жасау керек. Тағы айта кетер нәрсе, алдыңғы жасаған үй жұмыстарын қарап, қайталап отыру керек. 

2. Көңіл бөлу

Сабақта мұғалімнің айтқан сөздеріне қатты көңіл бөлу керек. Себебі, мұғалімнің 1 сабағы оқушының 40 сағатына тең. Оқушы 40 сағат оқып түсіне алмаған тақырыптарды, мұғалім 1-ақ сағатта түсіндіріп бере алады. Сондықтан, ұстазды мұқият тыңдап, түсінбеген жерлері болса, ұялмай, қорықпай сұрақ қою керек. Сабақты жақсы түсінген оқушы үй жұмысын тез орындайды және емтиханда жоғары балл алады. Және сабақ үстінде басқа істерге көңіл бөлмеу керек, дәретханаға қоңыауда барып алу керек. Себебі, сен дәретханаға шығып кеткен кезде ұстаз тақырыптың ең маңызды жерін айтып жатса, онда түсінбей қаласың.

3. Қосымша дайындалу

Білімді нығайту үшін және жақсы баға алу үшін қосымша дайындалу керек. Үй жұмысын орындап, кітап пен дәптердің бетін жауып қоя салу жетпейді. Ең бірінші, үй жұмысын орындамас бұрын сол күнгі болған сабақтарда не өткенін ашып қарау керек. Егер, кітап пен дәптерді ашып қайталамаса, өткен тақырып тез ұмытылуы мүмкін. Үй жұмысын істеп болғаннан кейін, істеген үй жұмысын тағы бір қарап шығу керек. Уақытты әр күні кешке былай бөлсе болады:

30 минут сол күнгі сабақта өткен тақырыптарды қарап, қайталау. 
1,5 сағат үй жұмысын жасау.
30 минут қосымша кітап оқу.

Адам күніне керексіз заттарға көп уақытын жұмсайды. Білімге не үшін 2.5 сағатымызды жұмсамасқа?

4. Мұқият болу

Дәптер, қалам, қаламсап пен басқа да керек-жарақтарды ықтиятты түрде сөмкеге салып жүру. Себебі, заттар әр жерде шашылып жатса, іздеу үшін көп уақыт кетеді және адамның жүйкесін тоздырады. Бұдан кейін адамның оқуға деген құштарлығы азаюы мүмкін.


5. Мектеп ережесіне бағыну 

Мектеп ережесіне бағынбаған оқушы білімнен мақрұм қалуы мүмкін. Мектеп ережесіне бағынған бала бәрін уақытында істейді. Сабақтан қашпайды. Мұғалімдермен қарым-қатынасы жақсы болады. Ол оқушыға оң әсерін тигізеді.

6. Жақсы дос таңдау

Егер саған білім алу және баға маңызды болса, жаман достан аулақ жүру керек. Досың қандай болса, сен де соған ұқсайтын боласың. Сол үшін досты таңдау өте маңызды. Егер темекі шегетін, үй жұмысын әрқашан орындамайтын, интернетте көп отыратын, басқаларды өсектейтін, уақытын бос өткізетін адаммен жақын дос болсаң, біраз уақыттан сен де солай бола бастайсың. Бәрімен дос болуға тырысу керек, бірақ жақын досты ойланып, таңдау керек. 
Және де, бірге сабақ оқитын жақын дос іздеу керек. Сабақ оқуды қызықты, әрі сүйіп істейтін іске айналдыру керек.

7. Көмек сұрау 

Түсінбеген жағдайда мұғалімнен, ата-анаңнан және достарыңнан көмек сұрау. Білімде көмек сұрауға ұялмау керек. Себебі, сен жаман нәрсе сұрап жатқан жоқсың, өз білімсіздігіңмен күресіп жатырсың. Көмек сұрау арқылы түсінбеген тақырыптарды тез, әрі оңай түсінуге болады.


Қорытындылай кетсек, жақсы баға алудың ең маңызды және тиімді жолдары осылар. Бұлардан басқа қандай пайдалы жолдарын білесіз?











Басқа жазбалар

Эмоционалды интеллектінің (EQ) 5 қағидасы

Оқығанымды ұмытып қала беремін немесе есте сақтау қабілетімді қалай жақсартсам болады?

IQ vs. EQ (Ер мен əйел)

Миымыз өсе ме?